25.03.2018, 8:49 728 Зарина Дияс Майами турнирінің төртінші айналымына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ыншы ракеткасы Зарина Дияс Майами (АҚШ) турнирінің үшінші айналымында германиялық Карина Виттxёфтпен күш сынасты.

Карина - дүниежүзілік рейтингте Заринадан бір-ақ саты төмен тұрған 23 жасар теннисші. Майами турнирінде Виттхёфт мұның алдында өзінің отандастары Татьяна Мария мен осы жарыстың 12-інші ракеткасы Юлия Гергесті тізе бүктірген болатын. Ал биыл 25-ке толатын З.Дияс америкалық Дженнифер Брэйди мен ресейлік, «Үлкен дулыға» турнирін екі мәрте ұтқан Светлана Кузнецованы қапы қалдырған еді.

Матч басында Карина бірден брейк жасап, 3:0 есебімен алға кетті. Дегенмен Зарина есесін жібермей, таразы басын теңестіре алды. Бірақ тағы бір брейкке қол жеткізген неміс теннисшісі бұл партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда есеп 2:2 болған мезгілде Зарина брейк жасап, алға шықты. Карина да қалыспай, одан кейінгі геймде брейк-пойнттардың бірін пайдалана білді. Содан соң тағы бір брейк жасаған неміс спортшысы 5:3 есебімен алға кетті. Нағыз ұрымтал сәт осы еді. Егер Карина өз геймін бермесе, матчты жеңіспен аяқтайтын еді. Осыдан кейін екі брейкке қоса өз геймдерін сәтті өткізген Зарина 7:5 есебімен басым түсті. Екінші партия барысында аяғын ауырсынып, медициналық көмекке жүгінген қазақ қызы нағыз қайсар мінезін таныта білді.

Үшінші, шешуші партияда З.Дияс үш брейкпен бірге өз геймдерін бермей, қарсыласын 6:0 есебімен талқандады.  Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Зарина қатарынан 10 геймді өз пайдасына жазды.

Спорттық жолында З.Дияс бұдан бұрын да К.Виттxёфтті бір рет жеңген болатын. Бұл - екінші жеңісі.

Жүлде қоры 8,6 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирінің төртінші айналымында Зарина Дияс әлемнің 6-ыншы ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасады. Ол үшінші айналымда аса тартысты кездесуде тайбэйлік, дүниежүзілік рейтингте 61-інші сатыда тұрған Се Шувэйді үш партияда 6:4, 1:6, 7:6 (7:4) есебімен ұтты. Бұл матч 2 сағат 26 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, Майами турнирінде қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Михаил Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал