26.03.2018, 22:13 726 Зарина Дияс Майамидегі турнирден шет қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ыншы ракеткасы Зарина Дияс Майами (АҚШ) турнирінде дүниежүзілік рейтингте 6-ыншы орында тұрған чехиялық Каролина Плишковамен кортқа шықты.

Бірінші партияда қос бірдей брейк жасаған чехиялық теннисші 6:2 есебімен жеңіске жетті. Зарина мұндай мүмкіндігін пайдалана алмады.
Екінші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін Каролина брейк жасап, 2:1-мен алға шықты. Бұдан кейін К.Плишкова доп берген мезгілде З.Дияс жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты.

Бұдан бұрын германиялық Карина Виттxёфтпен өткен матч барысында аяғын ауырсынған Зарина медициналық көмекке жүгінсе де, қайсарлық танытып, ол бәсекені жеңіспен аяқтаған еді. Жарақатқа қарамай, ойнай беру денсаулыққа зиян әрі асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан қазақстандық теннисшіге тез емделіп, алдағы жарыстарда жеңісті жолын жалғастыруын тілейміз.

Осылайша З.Дияс жүлде қоры 8 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирінің төртінші айналымына дейін жеткенімен, ширек финалына шыға алмады. Ол К.Плишковадан бұдан бұрын да бір рет жеңілген болатын. Заринаның бұл ірі жарыста төртінші айналымға жетуінің өзі үлкен табыс деуге болады.

Еске сала кетейік, Майами турнирі 1 сәуір күні мәреге жетеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал