19.03.2018, 13:50 884 Зарина Диястың Майами турниріндегі қарсыласы белгілі болды

Майами (АҚШ) турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ыншы ракеткасы Зарина Диястың қарсыласы белгілі болды.

Алғашқы айналымда қазақстандық теннисші америкалық, әлемнің 83-інші ракеткасы Дженнифер Брэйдимен күш сынасады. Егер оны ұтқан  жағдайда ресейлік, дүниежүзілік рейтингте 27-інші орында тұрған Светлана Кузнецовамен кортқа шығады.

Жүлде қоры 8,6 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирі 1 сәуірде мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, кеше аяқталған Индиан-Уэллс турнирінде З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, атақты америкалық теннисші Серена Уильямске жол берген болатын. Тағы бір қазақстандық теннисші, бүгін әлемдік рейтингте 75-сатыға көтерілген Юлия Путинцева екінші айналымға дейін жетіп, чехиялық Петра Квитовадан ұтылған еді. Бұл ірі халықаралық жарыста жапониялық жиырма жасар теннисші Наоми Осака айды аспанға шығарып, өзінің спорттық жолында WTA турнирінде алғаш рет жеңімпаз атанды. Ол жарыс барысында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, ресейлік Мария Шарапованы, қазіргі көш бастаушы, румыниялық Симона Халепті, финалда Ресейдің жас жұлдызы Дарья Касаткинаны (ол да 20 жаста) ұтты. Бір қызығы, Майами турнирінің бірінші айналымында Н.Осака С.Уильямспен шеберлік байқасады.  

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал