09.09.2018, 14:23 1281 «Зенитке» қарсы жақсы футбол көрсетуге тиіспіз» - Карпович

Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкерінің бірінші ассистенті, белгілі қазақстандық футболшы Андрей Карпович «Зенитке» қарсы ойын қызықты әрі пайдалы болатынына сенімді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

«Жас футболшылар үшін бұл үлкен тәжірибе. Олар мүлде басқа деңгейдегі футболды көру мүмкіндігіне ие болады. Бұл - футболшылардың дамуына көмектеседі», - дейді Карпович.

Бапкердің орынбасары жанкүйерлер мен БАҚ осы ойынға қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Жолдастық кездесудің өтетіні туралы жарияланғалы бері қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы байқалды. Санкт-Петербургке келіп түскеннен-ақ Андрей Аршавинге, біздің командаға деген ықылас ерекше болды. Бұл әрине, қуантады», - дейді ол.

Андрей Карповичтің айтуынша, команда «Зенитке» қарсы ойында жеңіс үшін алаңға шығатынын тілге тиек етті.

«Қашанда жеңіс үшін ойнау қажет. Кездесуде барынша алға ұмтыламыз. Әлем чемпионаты өткен тамаша стадионға жақсы матч үшін келдік. Біз жақсы футбол көрсетуге міндеттіміз», - дейді Карпович.

Еске сала кетейік, «Зенит» - «Қайрат» жолдастық кездесуі 9 қыркүйек күні Астана уақытымен 21:00-де басталады. Ойынның тікелей көрсетілімін YouTube видеохостингіндегі «Зенит ТВ» арнасынан тамашалауға болады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал