15.10.2018, 11:50 852 Жасөспірімдер Олимпиадасы: Сегізінші жарыс күнінің қорытындысы

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасы жалғасуда, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық баскетболшылардың (3х3) сәтсіздік сериясы аяқталар емес. Кеше екі матч өткізген біздің команда екеуінде де жеңіліс тапты. Алексей Еропкин шәкірттері Италиядан 12:21, Латвиядан 16:19 есебімен ұтылды.

Регбиден Қазақстан қыздар командасы екі кездесу өткізіп, біреуінде жеңіске жетті. Тунисті 24:5 есебімен тізе бүктірген жас спортшылар Колумбияға 0:36 есебімен жол берді. 

400 метрге жүгіруден Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері анықталды. Ерлер арасында Ефим Тарасов үздік ондыққа енсе, Александра Залюбовская 16-шы орынмен жарысты аяқтады. 

Қазақстандық велоспортшылардың аяқ алысы қуантады. Біздің спортшылар топтасып жарысу сынында екі мәрте жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Светлана Пащенко мәреге бірінші келсе, ерлер арасында Глеб Брусенскийге тең келер ешкім болған жоқ. Әзірге, біздің команда жалпы есепте көш бастап келеді. Алда әлі үш кезең бар екенін естеріңізге саламыз.

Қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы бәсеке де өз мәресіне жетті. Қазақстандық Әділ Ибрагимов 14-ші орында. 

Боксшы Надежда Рябец бірінші айналымнан сүрінбей өтті. Ол польшалық Наталия Гажевскаяны 5:0 есебімен жеңді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал