23.10.2018, 11:11 1182 Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан Қазақстан құрамасы елге оралды

Қазанның 22-нен 23-ші жұлдызына қараған түні «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында Буэнос-Айрестегі (Аргентина) үшінші жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан спорттық делегацияны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұзақ жолдан шаршағанына қарамастан, жас атлеттер туыстары мен жақындарының құттықтауына риза болып, БАҚ өкілдеріне емен-жарқын сұхбат берді.

«Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Түн жарымына қарамастан бізді күтіп алуға қанша адам келген?! Тіпті, көзіме жас алдым. Бізге қолдау көрсетіп, біз үшін тақым қысқан барша ағайынға рахмет! Жанкүйерлердің сенім үдесінен шыға алғанымыз үлкен бақыт», - дейді Олимпиада чемпионы, велоспортшы Глеб Брусенский. 

«Дәл осылай қарсы алғаны үшін рахмет! Әрине, бізді күтіп алатынын білдік. Бірақ тап осынша адам жиналады деп ойламаған ек. Көп рахмет!», - дейді Глебтің командаласы Евгений Федоров.

«Елімізге оралдық. Елде күтіп алған кісілерге көптен-көп рахмет! Жеңісті күндеріміз көп болсын! Алға, Қазақстан!», - дейді дзюдодан алтын жүлдегер атанған Бекарыс Сәдуақас.

Қазақстан құрама командасы сапындағы ең жас спортшылардың бірі Роза Абитова халықаралық команда сапында Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Ол өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді. 

«Жырақта жүріп жеңіп алған медальдің қаншалықты бағалы екенін елге келген соң түсінесің. Мұндай сәттерде саған көрсетілген қолдау өте маңызды. Елімізде біз үшін қуанатын адамдар көп. Міне, сол жандар үшін де жеңіске жеткім келеді. Алға, Қазақстан!», - деп ағынан жарылды дзюдодан жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Маргарита Гриценко. 

Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Стелла Суханова да командаластарының тілегіне қосылып, жанкүйерлерге басын иді. 

Еске сала кетейік, Буэнос-Айресте Қазақстан спортшылары төрт алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, халықаралық команда сапында жас спортшыларымыз 1 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Алтын жүлдегерлер: Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс).
Күміс жүлдегерлер: Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шәйкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо).
Қола жүлдегерлер: Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате).
Халықаралық команда сапында Роза Абитова (көркем гимнастика) күміс, Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал