17.08.2018, 16:52 1557 Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алған спортшылар есімі анықталды

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін ІІІ Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын қазақстандық дзюдошылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әрбір мемлекетке екі спортшыдан қатыстыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Бекарыс Сәдуақас пен 78 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Маргарита Гриценко Олимпиада ойындарына қатысу құқығына ие болды. 

Жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ғайнолла Есенғалиевтің айтуынша, үздіктерді таңдап алу үшін рейтингілік турнирлерде жиған ұпай көрсеткіштері есепке алынған.

Олимпиада жолдамасына иелік ету үшін дзюдошылар Антальяда өткен Еуропа кубогіне, Ташкент, Ыстықкөл, Гонкогте өткен Азия кубогіне, Бейрутте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысты. 

Б. Сәдуақас пен М. Гриценко аталған турнирлердің барлығында чемпион атанып, мейілінше көп ұпай жинаған. Сондай-ақ, Бекарыс Сәдуақас кадеттер арасындағы Азия чемпионатында екінші мәрте жеңімпаз атанып отыр.

Маргарита Гриценко Қостанай қаласында туған. Ол қатардағы орта мектептің оқушысы. Ал Бекарыс Сәдуақас Алматы облысы, Сарыөзек ауданы, Жоламан ауылында дүниеге келген. Бүгінде Қаркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернатында білім алуда. 

Халықаралық дзюдо федерациясының талабы бойынша, Жасөспірімдер Олимпиадасына әр елден 2 спортшы ғана қатыса алады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал