03.10.2018, 11:53 7517 Жасөспірімдер Олимпиадасында үш боксшыға үміт артамыз

6-18 қазан аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына бес қазақтандық боксы жолдама алды. Оның екеуі – қыздар, үшеуі – ерлер. Жастар құрамасының аға бапкері Ғалымбек Кенжебаев дүбірлі сын алдындағы боксшылар дайындығымен бөлісті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Боксан жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын үш боксшы қорғайды. Олар – Азия чемпионы Талғат Шайкен (64 келі), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айбек Оралбай (91 келі) және Азия чемпионы Дамир Тойбай. 

«Олимпиада ойындарына жолдама Азия чемпионатында таратылды. Құрлық додасы аяқтаған соң дереу Олимпиадаға қатысушылар тізімін ұсындық. Азия сынында алты боксшы чемпион атанғанмен, біз үшеуін таңдап алдық. Мәселен, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай Олимпиадаға бармайды. Себебі, ол Азия чемпионатының финалында тай боксшысынан ұтылып, жолдамадан қағылды. Ұлттық құрамада сайдың тасындай жігіттер көп. Сондықтан, таңдау жасау оңай болған жоқ», - дейді Ғалымбек Кенжебаев. 

Боксшылар жақында ғана Үрімшідегі жаттығу жиындарынан ұшып келді. 

«Ұйғыр автономиялық аумағының құрамасымен жаттығу жұмыстарын өткіздік. Оларды Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков пен бұрынғы бапкер Нұрғали Сафиуллин жаттықтырады. Өте мықты команда. Жиынға жалпы есебі 40 боксшы қатысты», - дейді аға бапкер.

Олимпиада ойындарына қатысты өз болжамын айтқан Ғалымбек Кенжебаев қарсыластардың оңай болмайынын айтады. 

«Бұдан бұрынғы ойындарды біз әлем чемпионатынан соң Олимпиадаға қатысатындарды анықтайтын едік. Биыл ондай мүмкіндік болған жоқ. Олимпиадаға іріктеу әлем чемпионатына дейін өтіп кетті де, қалған турнирлердің барлығы бір уақытта өтті. Сондықтан, қарсыластарды бағамдайтын уақыт болмады. Қарсыластарымыз оңай берілмесі анық. Бірақ біз бар күшімізді саламыз. Үш боксшыға да артылатын үміт зор. Жақсы нәтижеден үміттіміз», - деді аға бапкер.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал