20.11.2018, 12:18 17634 Әбілхан Аманқұл сынған иығымен Қазақстан чемпионатында топ жарды

Әбілхан Аманқұл бокстан Қазақстан біріншілігінің үздік спортшысы деп танылды. Мұндай шешімді Әбілханның жеңіске деген жігері мен шеберлігін жоғары бағалаған бапкерлер мен төрешілер қауымы қабылдады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Топтан озып шыққан жамбылдық боксшы өз пікірін білдіріп, чемпионаттан кейінгі әсерімен бөлісті.

 - Қазақстан біріншілігіндегі бәсекелестік елімізде бокстың дұрыс бағытта екенін тағы бір дәлелдеді. Ақтау шаршы алаңына еліміздің ең мықты спортшылары жиналып, чемпиондарды анықтау оңайға соққан жоқ. Ешкімнің жеңілгісі келмеді, ешкім жеңісті қолдан бермеді. Талантты жас боксшылардың өсіп келе жатқаны да қуантты.

Ал өз салмағыма келер болсақ... Барлық кездесуім мен үшін қиын өтті. Әрбір қарсыласымды бағалаймын. Әрине, финалдық жекпе-жектің бәрінен де ауыр соққаны рас. 

Ақтық сында мені тәжірибелі боксшы, талай майданды көрген Ерік Әлжанов күтіп тұрды. Еріктің мықтылығына сөзім жоқ. Оған қоса, турнир оның туған жерінде өтті.Жанкүйер де үлкен көмек қой... 

Жекпе-жектің тартысты болғаны анық. Бірінші раунд аяқталған соң иығым шығып кетті. Дәрігерлер көмегімен кездесуді жалғастырдым. Екінші раундта  иығым сыр беріп, тағы да шығып кетті. Алайда, жарақатымның ауырлығына қарамай, бір қолыммен ғана жұдырықтасып шықтым. Төреші менің қолымды көтергенде қатты қуанғаным да содан шығар. Жарақатпен жұдырықтасу оңай емес. 

Турнирдің үздік боксшысы атағын да осы үшін берді деп ойлаймын. Шыны керек, мұндай ілтипатқа ризамын. 

Биыл құрама командада көптеген өзгерістер орын алуда. Ағамыз Әділбек Ниязымбетов үлкен спорттан кетті. Енді оның орнын жақсы нәтижелер көрсетіп, бізді алға бастап жүрген Қайрат Ерәлиев, Қамшыбек Қоңқабаевтар басады деген үміттемін. 

Жалпы, Қазақстан чемпионатына Азия ойындарынан кейін қатысып отырмын. Сол аралықта біраз үзіліс алдым. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Алғашында Азиаданың күмісіне аздап көңілім толмады. Десе де, мұнымен тоқтап қалмау керек. Алда бізді әлем чемпионаттары, 2020 жылғы Токио Олимпиадасы күтуде. Сол сындарда жанкүйерді жерге қаратпауымыз керек. 

Міне, биылғы маусым да аяқталды. Ұлттық құраманың келесі басқосуы қаңтарда өтеді. Жаңа жылда оқу-жаттығу жиыны басталады. Сол кезде алдағы жарыстардың да жоспары дайын болары сөзсіз, - дейді Әбілхан.

Еске сала кетейік, Әбілхан Аманқұл 75 келіде ел чемпионы атанды. 

 

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал