20.11.2017, 16:23 10204 «Астана» біріншіліктің қорытындысын шығарды

Биыл да Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, топ жарған «Астана» футбол клубы ішкі біріншіліктің қорытындылап, салтанатты іс-шара өткізген болатын.

Бір айта кетерлігі, алғаш рет қатарынан  төрт дүркін ел чемпиондары үшін маусым әлі толыққанды аяқталған жоқ. Неге десеңіз, кем дегенде Еуропа лигасының аясында әлі екі ойын өкізеді.

Салтанатты кеште бірінші болып құттықтау сөзді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Астана» президенттік клубының төрағасы Дархан Қалетаев алып:

«Мен, досым Саян Хамитжанов екеуміз осыдан бес-алты жыл бұрын қазіргі «Астана» клубын басқарар алдында көп ойланған болатынбыз. Өйткені, клубтың ары қарайғы тағдыры қалай болады деген ой көкейден кетпеген еді. Ал қазір мен сіздерге «Астана- аяғына нық тұрған еуропалық ұжым» деп толық сеніммен айта аламын. Төрт саны, әрине, жақсы. Бірақ келер жылы чемпиондықты беске жеткізсек, тіпті керемет болмақ. Біз болашақта да клубтың дамуына бар жағдайды жасайтын боламыз», -деп, клуб болашағына зор сенім білдірді.

Артынан кезегі келіп сөз алған «Астананың» бас менеджері Саян Хамитжанов:

«Барша жанкүйерлері футбол мекекесімен құттықтаймын! Биыл біз тағы да біріншілікте топ жарып қана қоймай, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ел намысын абыроймен қорғап жүрміз. Яғни, біздің клуб расында да еліміздің бетке ұстар, көшбасшы ұжымы деп аталуға әбден лайықты. Аалған жетістіктердің барлығы Әділбек Жақсыбеков, Өмірзақ Шөкеев және досым Дархан Қалетаев  сынды бас демеушілердің арқасы екенін айта келе, өз алғысымды айтамын»-, деді.

Әрі қарай бас менеджер келесі жылы «Астана-Арена» стадионының маңынан клубтың жаңа спорттық базасы бой көтеретіндігін айта келе, Елорда ұжымының Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығуға да зор мүмкіндігі барын айтты.

Осыдан соң, жылдағыдай әр номинация бойынша оқ бойы үздік шыққан ойыншылар марапатталды. Биыл:

«Маусымдағы ең жарқын сәт», одан бөлек «Қазақстан премьер-лигасының үздік бапкері»  аталымын бас бапкер Станимир Стойлов;

«Маусымның үздік голы» аталымын Патрик Твумаси (Маккаби-Тель Авив қақпасына соққан екінші голы);

«Көрермендер көзайымы» аталымын шабуылшы Джуниор Кабананга;

«Маусымның үздік ойыншысы» болып қорғаушы Дмитрий Шомко;

«Маусымдағы үздік жаңа ойыншы» аталымын жартылай қорғаушы Иван Маевский;

 «Клубқа адалдығы үшін» номинациясын Астана сапында 7 маусымын өткізіп жатқан қорғаушы Абзал Бейсебеков иеленді. 

Салтанатты шараның соңында ҚПЛ чемпиондарына алтын жүлдені Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов пен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Азамат Айтхожин табыстады.

Кеш соңында 2005 жылы туған балалар арасында ел чемпионы атанған «Астана» футбол клубының жас өрендеріне де қадірменді қонақтар тиісті жүлделерін табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қараша күні «Астана»  Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында өз алаңында Испанияның «Вильярреалын» қабылдайды.

Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал