11.04.2018, 20:17 1180 Айдар Шәрібаевтың АҚШ-тағы айқасына бокс жұлдыздары комментатор болады

Әлемдік бокс жұлдызы Бернард Хопкинс пен АҚШ-тың жетекші спорт журналистерінің бірі Бернардо Оcуна Golden Boy Promotions бокс кешін жүргізеді. Оның аясында 12 сәуір күні Айдар Шәрібаев (7-0,6 КО) 8-ші жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА Diamond Ring қазақстандық промоутерлік компаниясына сілтеме жасап.

Кәсіпқой бокста 1988 жылдан 2017 жылға дейін 65 айқас өткізіп, соның 55-інде жеңіске жеткен және екеуінде тең түскен әйгілі Бернард Хопкинс былғары қолғабын шегеге ілгеннен кейін, телевизия саласына бет бұрған. 53 жастағы супержұлдыз 12 сәуір күні «Golden Boy» промоутерлік орталығының ұйымдастыруымен өтетін кәсіпқой бокс кешінде ESPN жұлдызы Бернардо Осунамен бірге ESPN телеарнасы арқылы тікелей эфирді жүргізеді.
Бұдан бөлек, аты аңызға айналған кіші Рой Джонс (66-9, 47 КО) Индиодағы бокс кешінің құрметті қонағы болады.
Естеріңізге сала кетейік, кештің басты айқасында мексикалық Франсиско Варгас (24-1-2, 17 KO) пен америкалық Род Салька (24-4, 4 KO) шаршы алаңға шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл жекпе-жек 10 раундқа жоспарланып отыр. Ал басты андеркартында қазақстандық Айдар Шәрібаев (7-0, 6КО) америкалық Эндрю Канчиомен (17-4-2, 13 КО) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Inter-Continental белбеуін сарапқа салады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді 13 сәуір күні таңертең «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал