03.07.2018, 13:13 1777 «Екі аптаның ішінде өзгеріс жасау мүмкін емес» - Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері

Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды. 28 жастағы литвалық маман Ренатас Курилионокасқа ұлттық құрама тізгіні сеніп тапсырылды. 28 жастағы жаттықтырушының басшылығымен Қазақстан құрамасы Иранда өткен 2019 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің бірінші айналымын өткізген болатын.

Бас бапкер Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, баскетбол әлеміне қалай қадам басқанын және ұлттық құраманың алдында қандай міндеттер тұрғанын айтып берді. 

«Шыны керек, 28 жастағы бапкердің басшылық қызметке тағайындалуын көпшілік күтпеген шығар. Десе де, адамды жасына емес, ісіне қарап бағалау керек. Оның өз жұмысын қаншалықты жақсы білетіні маңызды рөл ойнайды. Ал тәжірибе ол жылдармен келетін нәрсе. Сондықтан, жанкүйерлер менің жастығымнан қорықпаса болады. Ең бастысы – мен өз жұмысымды жақсы білемін», - дейді Ренатас. 

Ренатас Курилионокас Литвада ерекше жоғары бағаланатын баскетболмен бала кезінен бері шұғылданған.

«17 жасыма дейін Вильнюстегі баскетбол мектебінде оқыдым. Тоғыз жыл бойы менімен спорт мектебінде оқыған жігіттердің басым бөлігі қазір жақсы командаларда ойнап жүр. Литва құрамасына қабылданғандары да бар. Ал мен спорт мектебінің қабырғасында жүргенімде бапкерлікті таңдадым. 12-ші сыныпты оқып жүргенде жаттықтырушы болу туралы ұсыныс түсті. Көп ойланбастан, қабылдадым. Қазақстанға келгенге дейін 4-ші, 3-ші, 2-ші лигадағы командаларда бас бапкердің көмекшісі міндетін атқарып, біршама жеңіске жеттім. Бұл тәжірибе менің Қазақстанда жұмыс істеуіме себепкер болды», - дейді бапкер.

Литвалық маман Қазақстанға осыдан екі жыл бұрын келді. 

«Алғаш рет Қазақстанға 2016 жылдың тамызында келдім. «Астана» командасында бас бапкердің көмекшісі ретінде қызмет атқардым. Қазіргі ұлттық құрамада ойнайтын жігіттердің басым көпшілігін сол кезден бері жақсы танимын», -  деген бас бапкер ұлттық құрамаға тоқталып өтті. 

«Ирандағы турнирден екі апта бұрын осы қызметке келген соң, азғантай уақытта өзгеріс жасау мүмкін еместігін түсінемін. Бастысы, біз тырысып жатырмыз. Мен ең бірінші кезекте балалардың көңіл-күйі мен командадағы атмосфераға қарадым. Егер спортшылар өзіне, командалас әріптесі мен бапкеріне сеніммен қарамаса, еш нәтиже шықпайды. Сондықтан бірінші кезекте құрамадағы көңіл-күй реттеліп, өзара сенім пайда болуы керек деп ойлаймын. Ал бапкер оған себепкер ғана болатын адам. Ойыншылар өздеріне сенбесе, бапкердің ойлағаны мен айтқандары желге ұшуы мүмкін», - дейді Ренатас.

 Бас бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасы іріктеу айналымының келесі кезеңінде кез-келген командамен тайталасуға дайын.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал