07.05.2018, 11:25 921 Гроссмейстер Мұрат Қажығалиев оралдықтармен шахмат ойнады

Бүгін Оралда Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай бұқаралық жүгіру өтті.
Мерекелік шараға қатысушылар Абай алаңынан бастап Жеңіс алаңына дейінгі 2 шақырым аралықты жүгіріп өтті.
Жүгірушілер қатарында даңқты спортшылар, шахматшы, халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ескек есуден жазғы Азия ойындарының чемпионы Алексей Дергунов, допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, әлем чемпионатының төрт мәрте қола жүлдегері, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы Рауан Исалиев, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров болды.
Мәреге жеткеннен кейін қатысушыларды БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, мұндай шаралардың салауатты өмір салтын орнықтыруда, жастарды спортқа көбірек тартуда маңызы зор екендігін, сонымен қатар көпшілік жүгірудің бүгін Ванес Мартиросянды нокаутқа жіберген Геннадий Головкинді қолдауға арналғанын жеткізді. Көпшілік жүгіруге қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, сыйлықтар табыс етілді.
Оралдағы Street Workout бағытының спортшылары шеберлік сағатын өткізіп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған «Challenge Street Workout KZ» жобасына қосылды. Халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев шахматты кәсіпқой және әуесқой ойнаушылармен бір мезгілдік сеанс өткізді.
Атақты шахматшымен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері тәрбиеленушілері, қала тұрғындарымен қатар Ғ.Оспанқұлов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов та шеберліктерін сынап көрді.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал