17.10.2018, 6:54 9265 Қазақстан командасы жалпы есепте көш басында келеді

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында велоспорттан кешенді жарыс аяқталуға жақын. Төрт бағдарламадан соң Қазақстан ерлер командасы жалпы есепте қара үзіп кетті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін, 16 қазан күні кросс-кантри (маунтинбайк) бәсекесі өтіп, ерлер арасында Евгений Федоров жақсы нәтиже көрсетті. Ол мәреге бірінші келген спортшыдан 0.1 секунд ұтылып, екінші орын иеленген болатын. Федоровтың бұл жетістігі командаға 80 ұпай алып келді. Ал Глеб Брусенский 11-ші орынмен 8 ұпайға қол жеткізді. 

Осылайша, қазақстандық спортшылар 308 ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орында келеді. Бүгінгі жарыс күнінен соң екінші орындағы Люксембург пен Қазақстан арасы алшақтай түсті. Біздің велоспортшылар қарсыластарынан 82 ұпай артық жинаған. 

Қыздар арасында бұл жаттығудан Светлана Пащенко ғана іріктеуден өтті. Марина Курносова финалдан сырт қалған еді. Жарыс қорытындысы бойынша 16-шы орыннан көрінген Пащенко 1 ұпай иеленді. Жалпы есепте Қазақстан қыздар командасы бесінші орында келеді. Үшінші орындағы командадан 33 ұпайымыз кем. 

«Спортшылар бүгін жарады. Бар күшін салды. Кешегі сәтсіздіктен кейін бүгінгі жиған ұпайымыз біраз сенім ұялатты. Екі жігітіміз де финалда өнер көрсетіп, Федоров екінші орын алды. Женядан мұндайды күтпеген едік. Ертеңгі жарыс та бізге ыңғайлы болмақ. Тағы да ұпай жинап, көш басындағы орнымызды сақтау – басты міндетіміз», - дейді команда бапкері Вадим Горбачевский. 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал