07.09.2018, 20:32 9946 Көшбасшылар күшін таулы кезеңдерге сақтап қалды

Кеше «Вуэльта» көпкүндігінің 12-ші кезеңі өтіп, жалпы есепте көшбасшылар алмасты. Дегенмен, жарыстың басты фавориттері күштерін бүгінгі, ертеңгі және бүрсігүнгі жарыстарға сақтап қалған сияқты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі  «Астана» Президенттік клубының ресми сайтына сілтеме жасап.

Иә, «Вуэльта» көпкүндігінде қатарынан үш күн шабандоздарды өте ауыр кезеңдер күтіп тұр. Үшеуі де таулы жолдардан құралған. Ауырлығы бойынша бірінші санаттағы жолдарға жатады. Сондықтан болса керек, кеше фавориттердің ешқайсысы алға атойлап шаппады. Бір-бірінен қалмай, желмен желітіп отырды. Арасында «Астана» капитаны Мигель Анхель Лопес те болды. Мәреге командаластары Пельо Бильбао, Андрей Зейц, Давиде Виллельи және Омар Фраилемен бірге жеткен колумбиялық шабандоз басты күшін таулы кезеңдерге салатын болады. Қазір ол жалпы есепте 8-ші орында. Кешегі кезеңнен кейін көш басына шыққан испаниялық Хесус Эррададан 3 минут 49 секундқа артта келеді. Бірақ, алдағы үш кезеңнен кейін бәрі де қайта қалпына келуі тиіс дейді мамандар.

Иә, кеше фавориттердің тізгін тарта аяңдай жортқан жарыстарын пайдаланған кейбір шабандоздар алға атойлай шапты. Арасында Хесус Эррада да бар еді. Ал мәрені бірінші болып француз Александр Женье қиды.

 

Ал Мигель Анхель Лопес жастар арасында әлі де жалпы есепте көш бастап тұр.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал