- ЖАҢАЛЫҚТАР
- Танымал
Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Париж турнирін сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте 57-інші сатыда тұрған франциялық Пьер-Юг Эрбермен күш сынасты. Аса тартысты өрбіген матчта бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басым түсті. Осыдан кейін жинақтала білген М.Кукушкин қалған екі сетті 6:3, 7:5 есебімен өз есебіне жазды. Қазақстандық спортшы кездесу барысында 14 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдалана білді. Қарсыласы соншама брейк-пойнттың төртеуін ғана алды. Бәсеке 2 сағат 18 минутқа созылды.
Кукушкин екінші айналымда әлемнің 9-ыншы ракеткасы, америкалық Джон Иснермен шеберлік байқасады. Рейтингісі жоғары болғандықтан, Д.Иснер екінші айналымға бірден шықты.
Жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирі 4 қараша күні мәреге жетеді.
Биыл жарысқа әлемнің 1-інші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль бастаған мықты теннисшілер қатысуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Вена турнирінде табысты өнер көрсеткен М.Кукушкиннің дүниежүзілік рейтингте үздік елулікке жақындағанын жазған болатынбыз.