23.11.2017, 15:03 10453 Мосфильм ұсынады: «Ы» операциясы және Ресей құрамасының антирекорды

Футболдан әлем чемпионатының тарихында жарыс қожайыны ретінде ФИФА рейтінгісінде 60-шы орыннан төмен тұрған екі елдің бірі – Ресей.

Ағымдағы жылдың 23-ші қарашасында халықаралық футбол қауымдастығы жаңартылған рейтингті жариялады.  Әлем чемпионы Германия құрамасы тізімде көш бастаса, ал бразилиялықтар екінші орынға жайғасқан. Сондай-ақ, үздік үштікте былтырғы Еуропа чемпионатының жеңімпаздары Португалия ұжымы да бар. Ең қызығы, алдағы мундиаль қожайындары 65-ші орыннан бір-ақ шығыпты. 1930 жылдан бері жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі доданың тарихында мұндай фактілер жиі орын ала бермейді. Бұған дейін әлем чемпионатының қожайыны статусында 60-шы орыннан төмен көрінген ОАР құрамасы еді. Енді араға 7 жыл салып, Станислав Черчесовтың шәкірттері әлем чемпионаты тарихындағы антирекордты орнатты. Сонымен көршілес елдің құрамасы Мутко мырза бекіткен «Ы» операциясын сәтсіз аяқталды деп айтуға негіз қалдырып отыр.    

Айта кетейік, ФИФА рейтингісі әр ай сайын жаңарып отырады. Кім біледі, бәлкім, Ресей құрамасы жазға дейін жағдайын реттеп алар. Ол енді уақыттың еншісінде.

Мұхтар Жәмішжанов

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал