20.07.2018, 11:52 17621 Сене алмаймын: Әлем спортшылары Денис Тенмен қоштасып жатыр

2018 жылдың 19 шілдесі күні қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің жүрегі мәңгілікке тоқтады. Көлік ұрлығымен айналысатын қаскөйлер тал түсте Дениске шабуыл жасап, елімізді талай мәрте жеңісімен қуантқан Чемпион бақилық болды

Денистің қазасы күллі Қазақстан халқы мен әлем спортының жанкүйерлерін есеңгіретіп тастады. Қақтығыс кезінде үш литрге жуық қан жоғалтқан спортшының қазасына сене алмаған спортшылар мен жанкүйерлер, қарапайым халық пен билік өкілдері өзек өртеген өкініштерін жасыра алар емес.

Денис Тен 25 жылға созылған аз ғұмырында әлем чемпионатының тұғырына екі рет көтерілді. 2013 жылы Лондонда, 2015 жылы Шанхайда өткен әлем чемпионаттарында күміс және қола медаль иеленіп, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстан құрамасына жалғыз жүлдені сыйлаған болатын. 2011 жылы Қысқы Азия ойындарында, 2017 жылы Универсиада ойындарында алтыннан алқа таққан чемпион туралы біз енді өткен шақта ғана жазамыз...

Денистің мезгілсіз қазасынан соң қазақстандық және әлемдік спорт сең соққандай күйге түсуде...Осыдан бір ай бұрын Астана төрінде «Денис Тен мен достары» атты мұзды шоу өткізіп, көрерменін қуантқан спортшының алыс-жақын шетелдерлегі достары Қазақстан халқына көңіл айтуда. 

Серік Сәпиев, бокстан Олимпиада чемпионы:

«Айтарға сөзім жоқ. Ата-анасы Оксана мен Юрийге көңіл айтамын. Ол мәңгі жүрегімізде»

Геннадий Головкин, кәсіби бокстан әлем чемпионы:

«Сен әрқашан біздің есімізде қаласың»

Ю На Ким, Ванкувер Олимпиадасының чемпионы, Оңтүстік Корея:

«Мен не істерімді білмей отырмын. Денистің қазасы туралы жаңалық жанымды ауыртты, сене алар емеспін. Ол ұлы спортшы, барлығымыз үшін қозғаушы күш болатын. Ол секілді ұлы спортшыны жоғалту үлкен трагедия. Сізердің орны толмас қазаларыңызға көңіл айтамын»

Елена Радионова, Еуропа чемпионы, Ресей: 

«Сене алар емеспін… Осыдан бір ай бұрын сенің мұзды шоуыңның қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, барлығы сені асқан мұқияттылықпен тыңдаған еді. Өйткені, сен чемпион ғана емес, талантты, ой-өрісі кең, білімді жан едің. Сені 10 жылдан бері танимын. Сол уақыт аралығында сен тек қана мейірім мен шуақ төгетін сәулеге айналғансың. Менің өмірімдегі қиын кезеңдерде маған үнемі қолдау білдіретінсің. Сен өз Отаныңды, Қазақстаныңды ерекше сүйіп едің! Сенен қашанда үлгі алатынмын! Қош бол, Денис!»

Алексей Ягудин, Солт-Лейк-Сити Олимпиадасының чемпионы, Ресей:

«Өмірден жай ғана фигурст өткен кеткен жоқ, менің бір бөлшегім кетті... Неге? Қалай? Сөзім жоқ...Бұған қатысы бар қаскөйлер жазасын алсын»

Алена Савченко, Олимпиада чемпионы, Германия: 

«Сене алмаймын, сенгім келмейді... Негеееее? Сөзім жоқ, те кқана көз жасым...Мен сені мәңгілікке жақсы көріп өтемін, Денис»

Хавер Фернандес, Олимпиаданың күміс жүлдегері, Испания: «Бақұл бол...»

Евгений Плющенко, Олимпиада чемпионы, Ресей:

«Денис, досым, сөзім жоқ... Мейірімді, шынайы, сабырлы...Менің жаттығуымды қара жүретін бала кездегі бейнең есіме түсті. Сенбеймін, сенгім келмейді...Сен барлық турнир мен шоулардың сәні едің... Бүкіл мәнерлеп сырғанау әлемі сенің халқың, сенің елің, сенің жанкүйерлеріңмен бірге қайғыруда. Мәңгі есіміздесің»

Евгения Медведева, екі дүркін әлем чемпионы, Ресей:

«Осыдан екі жыл бұрын ғана осылай жүріп ек... Денис мәнерлеп сырғанау әлеміндегі ең креативті, ең көңілді, ең қайталанбас тұлға еді. Бұған сену мүмкін емес. Сене алмаймын... Денистің барлық жақындарына көңіл айтамын. Ешқашан оның күлкісін ұмытпаймын»

Дениспен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал