19.09.2018, 16:22 10000 Шымкентте XVIII жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздары 1 млн теңгеден алды

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Азия ойындарының жеңімпаздары мен бапкерлерін марапаттады. Жарыста топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап келген спортшыларымызға құрмет көрсетіп, алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

XVIII жазғы Азия Ойындарынан жеңіспен оралған Шымкенттік спортшылар мен олардың бапкерлеріне 1 млн теңгеден берілді. Ал, екінші орын алғандарға - 500 мың теңге, үшінші орын иегерлеріне 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Еске салсақ, 2018 жылдың 18 тамызы мен 2 қыркүйегі аралығында Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өткен XVIII жазғы Азия Ойындарында Шымкент қаласының 36 спортшысы 19 спорт түрінен қатысып, 14-і жүлделі оралды. Ал, жалпы есепте Қазақстан 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медальға ие болып, 9 орынға тұрақтаған еді.

Бірінші орын алғандардың қатарында көркем гимнастикадан Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбековлар бар. Олар жекелей және командалық жарыста топ жарды. Ескек есу мен каноэда есуден Инна Клинова 200 метр қашықтықта І орын, командалық төрттікте ІІ орынға тұрақтады. Жүлдемен оралған спортшылар қатарынан Ирина Подойникова - Тимофей және Сергей Емельяновтар, Севара Нышанбаева, Галбадрах Отгонцэцэг, Мария Дмитриенко, Эльмир Алимжанов, Дмитрий Коблов, Данияр Юлдашев, Пирмаммад Алиев және Ерсұлтан Мұзаппаровтар бар.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал