07.05.2018, 12:47 762 Талгаев қызметінен неге кетті?

«Тараз» футбол клубында бас бапкер Ваит Талгаевтың орнын босату себептері түсіндірілді.
Ваит Талгаев «Тараз» алаңында Бірінші лиганың аутсайдерлерінің бірі «Шахтер-Булатты» (Теміртау) жеңе алмағандықтан, жамбылдық командадан кеткендігі жөнінде айтылған болатын.
«Тараз» ФК басшысы Қанат Мұсатаев бас бапкер Ваит Талгаевтың клубтан кетуі жөнінде ресми мәлімдеме жасады: «Кейбір БАҚ-тарда «Тараз» футбол клубының бас бапкері Ваит Талгаевтың жұмысын доғаруы жөнінде отандық мамандардың пікірлері жарияланды. Біз құрмет тұтатын мамандардың айтуы бойынша, топ басшылығы Ваит Хамедовичті қызметтен босату жөнінде асығыс шешім қабылдаған. Осыған байланысты, «Тараз» ФК Ваит Талгаевтың бұл шешімді өзі қабылдағанын хабарлайды. Оған ешкім қысым көрсеткен жоқ.
«Басшылық тәжірибелі маманды орнында қалуға көндіруге тырысты. Ол жұмыс істеген уақытта клуб үш мәрте ұлттық біріншілікте медальге қол жеткізген болатын. Ваит Хамидович маусымның басты міндеті - Премьер-лигаға шығу тапсырмасын орындай алатынына сеніміміз мол болды, себебі Бірінші лиганың алты алғашқы турын ғана өткерген едік. Өкінішке орай, Ваит Хамидович түсіністікпен қарап, оны ұстамауымызды сұрады. Ваит Талгаевтың өмірінде клубтың алар орны бөлек болғандықтан, қабылданған шешімге байланысты өкінішімізді білдіреміз», - деп хабарлады «Тараз» футбол клубының басшысы.
Еске сала кетейік, В.Талгаев - клуб тарихындағы ең үздік бапкер, ол үш мәрте «Тараз» футбол клубында бапкерлік қызметте болған, соңғы рет - 2017 жылдың қаңтар айында тағайындаған. Жамбыл командасын 1996-1997 жылдары және 2010-2011 жылдары жаттықтырған. 1996 жылы «Тараз» Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен.
Тараз қаласының тумасы Ваит Талгаев спорттық маңсабын 1972 жылы туған қаласындағы «Алатау» ФК-да бастаған. Кейін алматылық «Қайратта» ойнаған. 1982 жылдан бастап бапкерлік қызметті атқарған, ал 1993 жылы Грозный қаласына «Эрзу» командасының бас бапкері болуға шақырту алады. 2003-2007 жылдары «Терек» футбол командасында жұмыс жасап жүріп, Ресей Кубогында жеңіске жетеді. «Тараз» командасына сіңірген еңбегі үшін Ваит Талгаев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Осы жылдың қаңтар айының соңында шымкенттік футболдың тәрбиеленушісі Қанат Мұсатаев «Тараз» ФК директоры қызметіне тағайындалды. 1994 жылы Қазақстанның ең үздік футболшысы атанған. 343 ойынға қатысқан, Қазақстан чемпионатында ең көп ойын көрсеткен жиырма футболистің қатарына енеді. Футболшы маңсабын қойғаннан кейін әр түрлі командаларда бапкер болды. 2012 жылы Қазақстан Футбол федерациясы спорттық директорының орынбасары атанды.
Бүгінде «Тараз» ФК Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасының турнирлік кестесінде он ұпаймен төртінші орынға орналасты.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал