29.03.2018, 17:55 1000 «Тараз» жаңа маусымға дайын

Биылғы маусымда «Тараз» футбол клубы бірінші лигада ойнайтыны белгілі. Талай таланттар түлеп ұшқан Жамбыл футболының бас клубы маусымды кубоктік кездесулермен бастады. Ел кубогінің 1/8 финалына жолдама алу үшін жамбылдықтар Шымкент қаласында електік кезеңнің үш ойынын өткізді. Павлодарлық әуесқойлардан құралған «Ак Бет», Екібастұздың «Екібастұз» командасын 1:0 есебімен ұтқан соң шешуші кездесуде Шығыс Қазақстанның «Алтайын» 2:1 есебімен жеңіп, 1/8 финалға шықты.


Кеше команда басшылығы жаңа маусымда алаңға шығатын негізгі құрамның футбол­шыларын жанкүйерлерге таныстырды. Жерлес­теріміз негізінен жергілікті жастарға сенім артып отырғаны қуантады. Басқосу барысында «Тараз» футбол клубының директоры Қанат Мұсатаев, команданың бас бапкері Ваит Талғаев сөз сөйлеп, өткен жылғы олқылықтардың орнын биыл толтыруға бекініп отырғандарын айтты. «Тараз» футбол клубының басты мақсаты – премьер-лигаға оралу. Таныстырылым кезінде команда капитаны, тәжірибелі футболшы Нұртас Кургулин өз ойымен бөлісті. «Өткен маусымда жанкүйерлер көңілінен шықпадық. Енді сол кемшіліктермен күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Былтырғы маусым үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Енді жасыл алаңда жан аямаймыз. Жеңісті жорықтар алда», – деді ол.


Жиында жанкүйерлер де ақ тілектерін жаудырды. Команданың жарқын жеңістерін көруге ниетті екендіктерін жеткізді. Бекзат Бейсенов, Нұртас Кургулин, Предраг Говедарица, Бауыржан Байтана, Тимур Байжанов және өзге жігіттерге алдағы ойындарда зор сенім артылып отыр. Жамбылдық ұжым бірінші лига ойындарын бірінші сәуірде бастайды. Алғашқы кездесуде Сыр елінде «Байқоңыр» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шығады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал