09.10.2018, 16:02 9484 Зарина Дияс Гонконг турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Гонконг турнирінің алғашқы айналымында австралиялық Дарья Гавриловамен күш сынасты.

Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 90-ыншы орында болса, осы турнирдің жетінші ракеткасы болып тіркелген Д.Гаврилова 34-інші сатыда келеді. Тартысты өткен бәсеке барысында Зарина Дияс бірінші партияны 6:3 есебімен ұтты. Екінші сетте есеп 6:5 болып тұрған мезетте австралиялық теннисші брейк жасай білді, есеп - 7:5. Үшінші, шешуші сетте екінші геймде Зарина доп берген сәтте Д.Гаврилова брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен, Дияс та қарап қалмай, брейкпен жауап қайырды. Бірақ Дарья тағы бір брейк жасап, өз геймін де алып, есепті 4:1-ге жеткізді. Одан кейін де қарқынын бәсеңдеткен жоқ, есеп 6:1 болды. Кездесу 2 сағат 14 минутқа созылды.

Д.Гаврилова екінші айналымда румыниялық Моника Никулескумен немесе Тунис елінің өкілі Онс Жабердің біреуімен шеберлік байқасады. Жүлде қоры 225 мың АҚШ доллары болатын аталмыш турнир 14 қазан күні мәреге жетеді.

Қазақстанның - бірінші, әлемнің 47-інші ракеткасы Юлия Путинцева жүлде қоры 750 мың АҚШ долларын құрайтын Тяньцзинь (Қытай) турнирінің алғашқы айналымында жапониялық теннисші, әлемдік рейтингте 154-інші сатыда тұрған Мисаки Доидан 0:6, 6:3, 6:7 (6:8) есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Гонконг турнирінде ойнайтынын жазған болатынбыз.

Бүгін ерлер арасында Михаил Кукушкин Шанхай турнирін сәтті бастады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал