30.10.2018, 15:13 9005 Жансель Дениз халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

26-29 қазан аралығында Сербия астанасы Белград қаласында таэквондодан халықаралық турнир өтті. Онда ел намысын қорғаған атыраулық Жансель Дениз жеңімпаз атанды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Азия ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған. Іріктеу кезеңдерінде ол Испания және Сербия елінің спортшыларын ұтты. Жартылай сында франциялық қарсыласы Меллиер Маева болды. Тартысты кездесуде жерлесіміз 4:2 есебімен басым түсті.

Ал, финалда тағы бір француз Солене Абоулетені 5:3 есебімен жеңді.

«Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Әрбір спортшы олимпиадалық рейтингтегі ұпайын көбейту үшін келгені хақ. Мен төрт спортшымен кездесіп, барлығын да жеңдім. Осы жолы 73 келіде бақ сынаған едім. Қарсыластарым маған қарағанда ірі денелі. Десе де, жылдамдықтың арқасында көп ұпай жинадым. Алтынмен қоса, рейтингте он ұпай еншілегенімді де айта кету керек. Маған жанкүйер болған баршаңызға алғысым зор», - дейді спортшы.

Айта кетейік, осы турнирден соң Жансель 108 ұпаймен әлемдік рейтингте 25-ші орынға табан тіреп отыр.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал